Ақ тілек

ЖАС ЖҰБАЙЛАРҒА

1.   Арман - Іңкәр!

Сендер бүгіннен бастап қос жүректің лүпілін үйлестіріп, екеуің қол ұстасқан күйі Бақыт жолына бірге қадам басқалы отырсыңдар.

Жалпы адамзат баласы үшін бақыттардың ең үлкені - Отбасының бақыты, қалған бақыт сол бақыттың жай ғана бір сарқыты.

Мінекей, көптен бері көңіл түкпірлеріңде асыл арманмен аялап, үлпілдеген нәзік үмітпен үкілей күткен осы Бақыт құсын алақандарыңа қондырып отырсыңдар. Енді оны еш уақытта қолдарыңнан үркітіп ұшырып алмаңдар.

Бақыт құсы қандай жағдайда үркіп ұшып кетпейді? Мынадай жағдайда:

Бір-біріңе қалтқысыз сене білгенде, шын көңілмен бір-біріңді демей білгенде, қуанышты әрдайым тең бөлісіп, қиындықты бірлесіп жеңе білгенде. Парасатқа ере білгенде, ақыл кенін тере білгенде, әрқашанда бір-біріңді тек биікке сүйрей білгенде. Азамат боп үш жылдықты көре білгенде, ақ келін боп иіліп сәлем бере білгенде, салт-дәстүр, ата жолын бекем ұстап, әулетті қуанышқа бөлей білгенде. Пенделікті қуыспағанда, бір-біріңмен суыспағанда, іздеп келсе күліп қарсы алып, қызмет етсең туысқандарға. Біреуіңді ашу буғанда екіншісің басу болғанда,  барлығын да ақылға сап, ынтымақпен тату болғанда. Бір-біріңді қадірлеп аялағанда, мұңайғанда жан-жылуын аямағанда. Біреуіңе ауыртпалық түскен кезде екіншісің иық тосып сая болғанда. Жол таппастай тығырыққа тап болғанда, екіншісің ақыл-кеңес қосқанда. Тек жақсыға үйір болып, екеуің де жат пиғылдан қашқанда. Байлық келсе тасымастан, жоқшылыққа жасымастан, "сабыр түбі сары алтын" деп, келешекке жарқын қарап, еңбек туын батыл қадап, бір-біріңе сүйеу болып жатқанда...

Ата-ана, туған-туыс, жора-жолдас сенімін ақтағанда, Махаббатты мәңгілікке сақтағанда ғана Бақыт құсы қолдарыңнан үркіп ұшып кетпейді.

2.  Екі аққу еркін жайып қанатты,
    Бірін-бірі мәңгілікке қалапты.
    Жүректері лүпілдеп отау тіккен,
    Құттықтаймыз Нұргелдин мен Жанатты!

    Құтты болсын бүгінгі некелерің,
    Бақыт шыңын бетке алып жетелеген.
    Алтын тойға жетіңдер дәл осылай,
    Бір-біріңе наздана еркелеумен!

   Кереге кең, шаңырақ биік болсын,
   Ірге мықты, арқауы берік болсын.
   Сәби күлкі төрінен үзілмейтін
   Отау іші таусылмас несіп болсын!

   Күлімдеген көздеріңнен күн күледі,
   Жүздеріңнен шаттық нұры төгіледі.
   Тілеулес боп сендерге шын жүректен
   Сәнтай тәтең өз лебізін білдіреді:

                               БАҚЫТТЫ БОЛЫҢДАР!!!


ҚЫЗ ҰЗАТУ

1.  Жүрек сыздап, қанша жерден қимағанмен, қыз жат жұрттық боп жаралған соң, уақыты келгенде жырақ ұшып, қияға қонбағы өмір заңдылығы.

Мінекей, енді бой түзеп, еркелей өскен өз еліңнен қалықтап ұшып, жүрек қалауыңмен арыстай азаматтың еліне қонғалы отырсың. Барған жеріңде бағың ашылсын. Тастай батып, судай сің. Еріңнің туы, еліңнің нуы бол. Бұдан былай саған бір әулеттің жауапкершілігі жүктеледі. Парасаттылықпен сол сенімді ақтағайсың.

Ердің бағы - жарынан. Жақсы әйел ерінің есіктегі басын төрге сүйрейді, жаман әйел ерінің төрдегі басын көрге сүйрейді. Еріңді үй азаматы емес, ел азаматы қылу сенің зайыптылық парызың. Сондықтан, бұдан былай үйдегі еркелікті тастап, қыз көңілден қайтқайсың, зайыптылық өмірге байыппен аяқ басқайсың.

Еріңнің қияға ұшуға қамданған қанатына қарқын беріп, көкжиекті қамтыған ой-өрісіне серпін беріп, көктегі ісін ептейтін, қатесі болса екшейтін, тарылған жолын кең қылып, кетігі болса септейтін сұңғыла жары болғайсың. Пейіліңді кең ұста, иманың мен ақылдың екеуін де тең ұста. Үйіңнің берекесі, еліңнің мерекесі бол.

Жаныңда жан-жарың, айналаңда етжақын туған-туыс, дос-жаран, бауырларың, артыңда қылықты қыз бен айбатты ұл, алдыңда жарқыраған күн тұрсын. Осылайша, төрт құбылаң түгел боп, еліңе сыйлы келін, салиқалы ене боп, ел анасына айналғайсың. Қосағыңмен қоса ағар. Үбірлі-шүбірлі боп, өркенің жайылсын!

БАҚЫТТЫ БОЛ!!!

ҚҰДАЛЫҚ

1.  Бағаналы байқап-барлап көзім бәрін көріп отыр, жаңадан табысқан құда-құдағилардың шын көңілден сыйластықтарына көңілім әбден толып отыр.

"Асқа салған тұз әулие, ел мен елді табыстырған қыз әулие" дейді біздің халқымыз. Қыз ұзатып, келін түсіру ежелден бергі салтымыз. Мінекей, қыз ұзатып Сіздердің жерлеріңіз кеңейіп отыр, келін түсіріп біздің де еліміз көбейіп отыр. Қыздарыңыздың жерлеріңізді кеңейткенінің арқасында бұрын-соңды болмаған осы әулетке келіп отырсыздар. Онда да анау-мынау емес, аса қадірлі құда-құдағи боп қақ төрімізге еніп отырсыздар. Келген қадамдарыңыз осы шаңыраққа жарқыраған құт болсын, екі жасқа сәуле шашар қуаныштары көп болсын!

Біздің келін түсіргендегі ізгі ниетіміз бас құрап, ұрпақ өрбіту болса, екіншіден, туыс арттырып, екі елді біріктірер жан көбейту. Келін - елінің елшісі. Елші бекем болса, екі елдің сыйластығы көркем болмақ. Сондықтан, біз келінге қарап, елін танимыз. Ал, келіннің жақсы болмағы - анасынан. Ананың сөзі оң болса, келіннің ойы жөн болар. Келіннің ойы жөн болса, екі елдің арасы "Сіз-біз" десіп сыйласқан тату-тәтті жол болар. "Күйеу - жүз жылдық, құда - мың жылдық" деген халық даналығы осыны меңзейді. Осыған орай, Сіздерге шын көңілден тілерім, бүгіннен басталған құдалық мың жылдыққа ұлассын, екі жастың бақыты мәңгілікке ұлассын!!!


4 комментария: